Бүгін «Айбын-2024» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында аймағымыздың намысын қорғайтын «Сыр айбындары» жастар командасын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.

Салтанатты шарада Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А. Қамбаров сөз сөйлеп, халықаралық жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары
А. Жакипов жас сарбаздықтарға шынайы лебізін білдірді.
Шара соңында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының» төрағасы
М. Ршауов барлық қатысушыларға ақ батасын берді.
2024 жылғы 16-23 маусым аралығында Алматы облысында өтетін халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына аудандық, қалалық және облыстық іріктеу кезеңдерінде үздік нәтиже көрсеткен 15 жастан
(10 ер бала, 5 қыз бала) құралған команда қатысады.
Еске сала кетейік, өткен жылы Қарағанды облысы, Спасск қаласында еліміздің 20 өңірі мен Әзірбайжан, Өзбекстан Республикаларының әскери-патриоттық клубтарының қатысуымен өткен сайыста «Сыр айбындары» командасы жүлделі I орынды иеленіп, Сыр өңірінің мерейін үстем еткен болатын.
Айта кету керек, облыста жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында кешенді шаралар қабылданып келеді. Аймақ басшысының қолдауымен жыл сайын бюджеттен арнайы қаржы қарастыра отырып, «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге мүмкіндік жасалуда.
Сондай-ақ, бұл бағытта бірлескен жоспарға сәйкес өскелең ұрпақтың бойында Отансүйгіштік пен патриоттық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында түрлі форматтағы шаралар өткізіліп келеді.

БӨЛІСУ