Елімізде жыл сайын маусым айының əрбір үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің мерекесі ретінде аталып өтіледі.
Бүгін, осыған орай Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында медицина қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шара алдымен дәрігерлер қауымының ізгілікке толы, қиында қызықты жұмыстарының барысынан қойылыммен басталды.
Мұнан соң аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сахна төріне көтеріліп, ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтады.
– Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Ауырып, сырқаттана қалған жағдайда кез келген жан шипа іздеп, дәрігерлердің алдына барып, ақыл-кеңестеріне жүгінетіні белгілі. Қаншама адамның жанына дауа, тәніне шипа болардай ем тауып, өміріне араша түсіп жүрген дәрігерлер қауымына біздің айтар алғысымыз шексіз. Сіздерге аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Медицина қызметкерлері мерекесіне орай бірқатар сала мамандары марапат төрінен көрініп, облыс әкімі мен аудан әкімінің, «AMANAT»партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының «Алғыс хаты» және Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» табысталды.
Ал, аудандық емхананың хирург дәрігері Серік Айбасов пен аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Раушан Қалуова «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталса, дәріхана бөлімінің меңгерушісі Күләйм Балқиева «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар мерекеге орай аудандық медициналық жедел жәрдем бөлімі мен Қожабақы және Ғани Мұратбаев ауылдық дәрігерлік амбулаторияларына жаңа жедел жәрдем автокөлігі табысталды.
Мерекелік шарада аудан өнерпаздарымен қатар өнерлі медицина саласының қызметкерлері де өнер көрсетіп, жиылғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шарада медицина саласының ардагерлері де назардан тыс қалмай, оларға аудан әкімінің мерекелік сый-сияпаттары тапсырылды.