Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлерінің күніне орай «Жаныңа шипа сыйлаған» атты мерекелік салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиынды аудан әкімі Ардақ Ибраимов ашып, ауданымыздағы медицина саласының қызметкерлерін және сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан ақ халатты абзал жандарға толайым табыстар тіледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты»- дей келе, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударып келеді.

Ауданда денсаулық сақтау саласы жылдан жылға дамып келеді. Соңғы үлгідегі жаңа аурухана, жаңа типтегі емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде.

Сонымен қатар, өткен жылы Республикалық бюджеттен 752,8 млн. теңге бөлініп, Мырзабай ахун және Аламесек ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасатын болады. Адам-мемлекеттің негізгі капиталы десек, сол баға жетпес қазынаны қызғыштай қорғап жүрген Сіздердің еңбектеріңіз қашан да жоғары бағаланады. Ұлт саулығы жолындағы мемлекет жүктеген межелі міндеттерді мінсіз атқарып, мәртебелеріңіздің асқақтай беруіне шынайы тілектестік білдіремін.
Әрдайым адамзат баласы тағдырын сеніп тапсыратын қиындығы мен жауапкершілігі мол қызметтеріңізді абыроймен атқарып, халық сеніміне ие бола беріңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Мерекелік салтанатты жиында бірқатар медицина саласының қызметкерлері мен сала ардагерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Жиын соңы аудандық аурухана қызметкерлерінің, Қ.Қазантаев атындағы аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетейік, бүгінгі күні аудан тұрғындарына 545 медицина мамандары қызмет көрсетіп келеді. Оның 512-сі аудандық аурухана мен емханада, 33-і санитарлық эпидемиологиялық бақылау саласы бойынша жұмыс жасайды.

БӨЛІСУ