Қалалық мәслихаттың биылғы жылғы 20 маусымда өтетін кезекті сессиясында «Қызылорда қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытудың жай-күйі мен өзекті мәселелері туралы» мәселесін қарау жоспарлануда.

Аталған мәселені кезекті сессияға әзірлеу мақсатында қалалық мәслихатта уақытша комиссия құрылып, тиісті жұмыстар жүруде.
Комиссия жұмысы аясында биылғы жылдың 14 маусым күні қалалық мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселе бойынша көркейту, көгалдандыру, аяқсу, абаттандыру, жол, тұрғын үй мәселелері бағытында қаламызда жұмыстар жүргізіліп жатқан бірнеше нысандарды аралап көрді.
Депутаттар тоқтаған алғашқы нысан, Мұратбаев көшесі 15,17 көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары орталықтандырылған кәріз жүйесіне дұрыс қосылмаған, тұрғын үйлерге бірнеше жыл бұрын жүргізген күрделі жөндеу жұмыстары сапасыз орындалған, өжірелеріндегі жылу құбыры, ауыз су құбырлары тозығы жеткен.

Келесі нысан, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейін салынып жатырған жол мәселесі болды. Құрылысы аяқталған соң, аталған көше қаламыздағы екі негізгі көшелерді қосатын ауқымды көшенің біріне айналмақ. Мердігер мекеме – «Қыран» ЖШС биылғы жылдың шілде айының ішінде жұмыстарды аяқтауды жоспарлауда. Жоба бойынша жаяу жүргіншілер жолы, лоток және жарық шамдарын орнату жұмыстары қарастырылған.

Сонымен бірге депутаттық аралау барысында «Жасыл Қызылорда» мекемесінің қазіргі атқарып отырған жұмыстары, назарға алынды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың қыркүйек айында «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, қазіргі таңда бұрынғы күрделенген проблемаларды шешуге мүмкіндік туып отыр.

Депутаттық аралау шарасы қалалық мәслихатта құрылған уақытша комиссия отырысына жалғасты. Уақытша комиссия отырысына қала әкімінің аппарат басшысы М.Тасқараев, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалының директоры Ж.Нұрымбетов, қалалық мәслихат депутаттары, кент және ауылдық округ әкімдері, тиісті дербес бөлімдер мен арнайы шақырылған мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Комиссия отырысында «Қызылорда қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытудың жай-күйі мен өзекті мәселелері туралы» мәселесі бойынша сөз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Әбсұлтанов хабарлама жасап, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Уақытша комиссия жұмысына қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.

Комиссия отырысында көтерілген ұсыныстар мен пікірлер мәслихат шешіміне енгізіліп, алдағы өтетін кезекті сессияның қарауына ұсынылатын болады.

БӨЛІСУ