11 маусым күні “Парасат» ордені, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қоғам қайраткері, эколог-жазушы айдынды Аралдың перзенті, Қызылорда облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сайлаубай Жұбатырұлының “Топан су жүзін жуған Ұлы Дала” атты кітабының тұсау кесері мен әдеби-сазды кеші өтті.

Әдеби кеш А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткізілді.
Кеш қарсаңында көрермендер мен құрметті қонақтар жиналғанша С.Жұбатырұлы туралы деректі фильм көрсетілді.
Әдеби кеште қазақ көркемсөзінің қадірін білетін талғамы жоғары халыққа қадірлі де, қымбатты, қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген көптеген әңгіме, көркем эсселердің, «Абыржы» секілді тұрпаты бөлек трилогияның, қазақ әдебиетіне романтизмнің өзіндік үлгісін әкелген, балаларға арналған шиырлы хикаяттардың авторы Сайлаубай Жұбатырұлына зиялы қауым өкілдері мен кеш қонақтары жылы лебіздерін айтып, теңіздей тұнық терең мағыналы туындыларына тоқталып, ерекше құрмет көрсетті.
“Қауырсын” жас ақындар үйірмесінің талантты өнерпаздары, Сырдың жас жүйріктерінің орындаруында терме, ән, жыр, толғаулар орындалды.

Осы ретте, қаншама жастардың қанаттарының қатаюына ықпал етіп, қазақтың қастерлі құндылықтарын дәріптеген Сайлаубай Жұбатырұлын “Топан су жүзін жуған Ұлы Дала” атты кітабының тұсау кесерімен Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” мекемесі атынан құттықтаймыз! Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесіңіз бен оны дамыту жолындағы еңбегіңіз елене берсін деп тілек білдіреміз!

БӨЛІСУ