Қаныш Сәтбаев атындағы Физика-техникалық институтының және Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары «Балауса» компаниясымен бірлесіп, Қызылорда облысында аралас ванадий оксидтерінің өнеркәсіптік партиясын іске қосты.
Ванадий шикізатының өзі және ванадий электролитін өндіру технологиясы болашақта бәсекеге қабілетті ванадий аккумуляторларын өндіру үшін мүмкіндік береді. Бұл ретте әлемдегі ең ірі ванадий аккумуляторларын өндіруші – VRB және Invinity-мен ынтымақтастық орнатылуда. Жасыл энергия өндірушілері үшін ванадий аккумуляторларын өндіру, электр энергиясының шығынын азайту және бірқалыпты жеткізу үшін микро-гридтерге айналдыру мүмкіндігі пысықталуда.
Бүгінгі күннің өзінде кәсіпорын айына 30 тоннадан астам дайын өнім өндіреді. Өнім толықтай экспортқа шығарылады. 20 тонна дайын өнім Австрияға жөнелтілді. Жапония, Индия, Ұлыбритания және Қытай бұйымға қызығушылық танытуда.
Жоба ҚР ҒЖБМ «Ғылым қоры» АҚ-ның қолдау көрсетуімен 2022-2024 жылдарға арналған ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде іске асырылады.