Бүгін облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев Қазалыдағы іс-сапары барысында, Арал ауданымен шекаралас орналасқан “Қашқансу” учаскесіне арнайы барып, жеке кәсіпкер Аманбай Ерхатовтың тоған шаруашылығының жұмысымен танысты.
Жеке кәсіпкер балық өсіру тоғанын биылдан бастап қолға алған. Ауданы 18 гектарды құрайтын тоғанға 2 млн дана сазан шабақтандырып, күтімге алынған.
Аманбай Елеуұлы өсірілген балықтарды көлге жіберіп, тауарлы балық шығару және халықтың игілігіне жаратуды көздейді.
Өз кезегінде, басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы жеке кәсіпкердің балық шаруашылығын дамытуда қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, жүргізіліп жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.
Басқарма басшысы “Сыр Маржаны” ЖШС-гі және “Жалаңтөс батыр” ЖШС-нің егіс алқаптарында болып, күріш егу мен күрішті суға бастыру жұмыстарының жай-күйімен танысты.
Мұнан соң, Талғат Тұрсынұлы “РЗА-Агро” ЖШС-нің егістігіне барып, су үнемдеу технологиясының жұмысын көрді. Биыл шаруашылық жаңбырлатып суару арқылы 260 гектар аумаққа сүрлемдік жүгері дақылын орналастырды.
Шаруашылықтың тың әдісті пайдаланудағы басты мақсаты – суды тиімді пайдалану. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Талғат Тұрсынұлының ауданға сапары кезінде аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов пен “Қазалысушар” өндірістік учаскесі директорының орынбасары Ж.Садық бірге жүріп, ауданда ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.