«Атамекен» ҰКП «Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» департаменті қаржылық емес қолдау шараларын іске асыру шеңберінде ЖАО, ҚР ҰЭМ өкілдерінің қатысуымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистеріне «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру» қағидаларын түсіндіру бойынша онлайн кездесу өткізді.

Жиынға өңірден Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Д.Сейтжанов, палата қызметкерлері, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері және грантқа қатысуға ниетті 2023 жылғы «Бір ауыл – бір өнім» финалистері қатысты.

Айта кетейік, Облыс көлемінде аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында, 2023 жылдың маусым айында Қызылорда қаласында жергілікті шикізаттан өндірілетін өнімдердің көрмесі ұйымдастырылып, облысымыздың 22 өнім өндірушісі қатысты (Арал – 5, Қазалы – 2, Қармақшы – 2, Жалағаш – 1, Сырдария – 3, Шиелі – 3, Жаңақорған – 2, Қызылорда қаласы – 4).
Көрмеге қатысушыларды ӨКП жанынан құрылған жұмысшы топ бағалап, үздік деп танылған 10 тауарөндірушілердің өнімдерін Бренд-комитеттің қарауына ұсынып, нәтижесінде, тауарларды таңдауда және аймақтық брендті тағайындау туралы шешім қабылдауда дауыс беру құқығы бар 17 адамнан құрылған өңірлік Бренд-комитет «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша 3 жеңімпаз анықтады:
1. Кушжанова Арсена – жергілікті шөптерден түйе мен ешкі сүтін қосып сабын өндіру (Арал ауданы).
2. Туретаева Эльмира – жантақ балы өндірісі (Сырдария ауданы).
3. Әлжанова Мәрияш – жүн және киіз бұйымдарының өндірісі (Сырдария ауданы).

Жиында «Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» департаменті өкілдері мемлекеттік гранттар беру қағидаларын толықтай түсіндіріп, онлайн қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

БӨЛІСУ