Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалында басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға 13 тұрғын келіп, сала бойынша сұрақтарын, өтініштері мен шағымдарын білдірді. Атап айтқанда, Тестер.кз платформасын облыстық деңгейде енгізу және VR бағдарламалары бойынша жобаларға қолдау білдіру бойынша ұсыныстар айтылса, жаңа жылдық шырша, педагог мамандығы бойынша жұмысқа орналасу және еңбек даулары сынды тақырыптар бойынша өтініштер мен шағымдар аталды.
Басқарма басшысы барлық мәселені мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізетінін, оң шешімге қол жеткізу бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Білім саласында жұмысқа орналасу заңдылығы түсіндірілді. Еңбек нарығы бәсекелестік орта екені, бос жұмыс орындары анықталса құжаттарын тапсыру жолдары айтылды. Жаңа жылдық шыршаға қатысушылар тізімін арнайы комиссия белгіленген критерийлер бойынша жасақтайтыны жеткізілді.
Сонымен қатар, кейбір білім беру ұйымдарының басшылық құрамына қатысты шағымдар қаралып, басқарма жанындағы педагогтардың құқығын қорғау бойынша комиссияда қарауына жолданатынын, комиссия зерттеуінің нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатынын түсіндірді. Білім беру саласында заң үстемдігі негізгі міндет екені және педагогтар мен тәрбиешілердің құқықтарын қорғау басты назарда болатыны айтылды. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында білім беру саласын жетілдіру бойынша жоспарланған қадамдар мен осы уақытқа дейін атқарылған шаралар бойынша келушілерге ақпарат берілді.
Асқарбек Темірбекұлы қабылдау барысында аталған барлық мәселе оң шешілгенге дейін жеке бақылауында болатынын жеткізді.