Атамекен балалар ауылында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған «Біз бақытты баламыз!» тақырыбында жыл бойы білім көкжиегін бағындырған талантты да дарынды балаларымызды, өнер, спорттан шашасына шаң жұқтырмаған жеңімпаздарымызды, ауылымызда жұмыс жасап жатырған жобалардың қорытындысы бойынша үздіктерді және шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген қызметкерлерімізді марапаттауға арналған жұлдыздар шеруі өтті.
Аталмыш шараға аймақтағы мұнай компаниясының басшылары, Қорқыт ата атындағы университеттің өкілдері, басқарма қызметкерлері мен кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілі Бисенова Маржан Қылышбайқызы қатысты.
Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек нәтижесінде жыл көлемінде үздік нәтижеге қол жеткізген балалар облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталып, жұлдыздар шеруі жобалар қорытындысы бойынша номинациялармен бірнеше бағытта марапатталды.
Жұлдыздар шеруі балдырғандардың мерекелік концертімен ұласты. Балдырғандарды облыстық, қалалық мекемелердің басшылары, білім ордаларының басшылары, мұнай компанияларының өкілдері және өңіріміздің кәсіпкерлері мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті биылғы бітіруші түлекке жоғары оқу орнында тегін білім алуға білім гранттарының сертификатын табыстады.