Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Жалын» лагерінде тынығу маусымының ашылуына қатысып, баларды құттықтады.

Аудан басшысы балалардың сапалы білім және саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалып келе жатқанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпақтың жақсы өмір сүруі мемлекеттің басты міндеті екенін атап көрсетті. Сондықтан елімізде балаларға барлық жағдай жасалып келеді. Аймағымызда Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен балаларды сапалы біліммен қамту, шығармашылықпен айналысу және тынығуын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Аймақ басшысының бастамасымен клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Облысымызда 7 ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтарының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибелерін меңгереді. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан құны 11 млрд. теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясы» салынады. Сырдария өзенінің сол жағалауынан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты, 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы және құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында былтыр 10 мектептің құрылысы басталса, биыл тағы 11 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 мектеп Тереңөзек кентінде салынатын болады. Мұның барлығы – жастардың жарқын болашағы үшін атқарылып жатқан жұмыстар, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Лагерьдің ашылуында топ басшылары рапорт беріп, балалар өз өнерлерін көрсетті.

Айта кетейік, жазғы маусымда балалардың демалысын ұтымды ұйымдастыру үшін аудан орталығындағы «Жалын» тынығу лагерінде 6 ауысымда 691 бала тынығады. Сондай-ақ, мектеп жанындағы лагерьлерде 3927 бала, саяхатпен 1100 бала қамтылады. Демеушілер есебінен Арал ауданындағы «Қамбаш», Шымкент қаласындағы «Машат» және басқа да тынығу лагерінде балалар демалатын болады. Бүгінде І ауысымда 110 бала тынығуда. Лагерьде барлық жағдай жасалған.

БӨЛІСУ