Бүгін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерген мәселелері бойынша Шиелі ауданы жұртшылығымен кездесулер өткізді.
Алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесі мен зор ықыласын жеткізді. Сондай-ақ, Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық құрылтайдағы Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» сөзіне тоқталып, Президент айтқан «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» атты бағыттарға жан-жақты түсініктеме беріп өтті. Зиялы қауым өкілдері де елде орын алып жатқан өзгерістерге оң бағасын беріп, Мемлекет басшысының әрбір бастамасына тілекші екендіктерін жеткізді.
Одан соң, Мәлік Нұржанұлы Ыбырай Жақаев ауылына жасаған сапарында атамыздың ескерткішіне барып, рухына құран бағыштады.
Сондай-ақ, Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи мұражайына барып, жұмысымен танысты, қызметкерлерімен тілдесті. Кездесу соңында мұражайдың естелік кітапшасына ізгі тілегін жазып қалдырды.
ҚР Президенті кеңесшісінің жұмыс сапары Бәйгеқұм ауылында қорытындыланды. Мұнда Мәлік Нұржанұлы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының жұмысымен танысып, жазғы демалыс маусымында тәлім алып жатқан бүлдішіндердің өнерін тамашалады.
Орталықта би, сурет, домбыра, тігін үйірмелері жұмыс жасауда. Тіпті, жазғы демалыс уақытына қарамастан орталық ауыл балаларына үйірме қызметін ұсынуда.