Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келіп ардагерлер, зиялы қауым, жастар, дін өкілдерімен кездесті.

Алғашқы жұмыс сапары Хорасан Ата мазарынан басталды. Жергілікті шырақшы Хорасан ата жайлы мазмұнды әңгімемен бөлісіп, рухына арнайы дұға бағышталды.

Келесі кезекте Түгіскен ауылдық клубының «Адал адам» мәдени тәрбие орталығы жұмысымен танысты.
Еске сала кетсек, «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығы облыс мәдениет үйлері мен клубтардың жанында жоба ретінде жүзеге асатын болады. Тұжырымдаманың мақсаты – елді мекендердегі халықтың мәдениет нысандарына қолжетімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдерді мәдени тәрбиемен қамту, олардың бос уақыттарында шығармашылық үйірмелермен айналысуына жағдай жасау. Жобада «Кино-тайм», «Әлем BOOK» , «ART уақыт», «Жанұя шуағы», Еріктілер тобы, Сыр сұхбат, Креативті хаб және арнайы мамандардың қатысуымен медиация, кеңес беру бағыттары қарастырылады.

Одан соң, аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданның зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Президент кеңесшісі жиынды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізуден бастады. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында көтерілген мәселелерге жан-жақты тоқталып, кең көлемде түсіндіріп өтті. Ауданның зиялы қауым өкілдерімен ашық әңгімелесіп, ұсыныстарын тыңдады.

Сонымен бірге, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталығының құрылыс барысымен танысты.
Бұл орталық – музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар бас қосатын рухани орталыққа айналмақ.

Келесі кезекте Мәлік Отарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аудандағы діни қызметкерлерімен кездесіп, елімізде орын алған жағдайларға тоқталып, ішкі және сыртқы тұрақтылықты сақтауда имамдардың үлесі барын атап өтті.
Мәлік Нұржанұлы Президенттің құрылтайда айтқан ұлттық бірегейлікті сақтаудағы ойларымен бөлісті. Халықпен өткен әрбір кездесуде ұлттық құныдылықпен қатар, мемлекеттік құндылықтарды көтеру, тарихымыздағы ұлы тұлғалардың еңбек жолдары мен ел үшін жасаған ерліктерін, батырлығын, даналығын дәріптеу қажеттігін ұсынды.
Жиын соңында аудан имамдары өз баталарын беріп, алғыстарын жеткізді.

Дін өкілдерімен жүздесу мәдениет үйінің ғимаратында аудан жастарымен кездесуге ұласты.
Президент құрылтайдағы сөзінде: «Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған – озық әрі табысты елге айналудың басты кілті», – деп атап өткен болатын.
Мәлік Отарбаев кездесуде жастармен Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары мен ұсыныстары туралы әңгімелесті. Өз сөзінде Президент кеңесшісі құрылтайда айтылған мәселелерді жүзеге асыруда жастардың қосар үлесі зор екенін және осы бағытта қоғам болып ұйысып, бірлесіп жұмыс атқару қажет екенін айтты.
Кездесу барысында Мәлік Отарбаев жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер туралы ақпарат берді. Сондай-ақ өз сөзінде Мәлік Нұржанұлы жастарға қолдау білдіру Президенттің басты назарында екенін жеткізді. Жиында барысында пайымды пікірлер айтылып, орнықты ұсыныстар ортаға салынды.

БӨЛІСУ