Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Рамазан Таймановтың 70 жасқа толу мерейтойына арналған ІІ облыстық «Сыр әуендері» атты сазгерлердің жабық ән байқауының қорытынды іс-шарасына қатысты.

Іс-шарада аудан басшысы белгілі композитордың шығармашылық жолына тоқталып, мерейтойымен құттықтады.
– Еліміздің мәдениет және өнер саласында жүріп адами асқақ қасиеттерді бойыңызға сіңіріп, халықтың ыстық ықыласына бөлендіңіз. Сіз Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеде, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алып, туған жерде еңбек жолыңызды бастадыңыз. «Қазақ қызы» әніңізбен республикаға танылдыңыз. Ал 1996 жылы Эстонияда өткен дүниежүзілік балалар шығармашылығы фестивалінде Сіздің «Қызылорда жастарының әні» таңдаулы деп бағаланып, «Алтын қорға» жазылып алынды. 1999, 2000 жылдары республикалық «Жас қанат» байқауы мен «Азия даусы» фестивалінде «Қазағым-ай», «Қорқыт-қобыз» әндері бірінші орын алып, «Ең үздік композитор» атағын иелендіңіз. Мұның барлығы – Сіздің шығармашылық жолда жеткен үлкен жетістіктеріңіз. Сондықтан Сізді қазақ елі, Сыр халқы белгілі композитор ретінде жақсы таниды. Сырдария ауданы халқы Сізбен мақтанады. Мәдениет пен өнер саласындағы қажырлы еңбегіңізбен «Құрмет» ордені, «Шапағат» медалімен марапатталып, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Құрметті Профессоры» атандыңыз. Биыл мерейтойыңызға орай жылдың басында Қызылордадағы «Өнер» орталығының ашылуында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағымен марапаттап, сый-құрмет көрсетті, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мәдени іс-шарада аудан басшысы мерейтой иесіне құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Р.Тайманов өзінің ризашылығын білдіріп, ән байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Мұнан соң марапатталушылар белгілі композитордың әндерін шырқап, концерттік бағдарлама ұсынды.

БӨЛІСУ