Бүгін Қазалыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты шара өтті.

Әйтеке би кентіндегі Рәміздер алаңында өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, зиялы қауым өкілдері, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері және аудан тұрғындары, белсенді жастар қатысты.

Мерекелік шарада аудан басшысы барша Қазалы жұртшылығын мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы екенін жеткізді.

– Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. Еркіндігіміздің көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Мемлекеттік Гимніміз шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл жоқ.
Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, әрдайым ел іші мерекелі де берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, Гимніміз – айбынды болсын деймін. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін, – деді аудан әкімі.

Мұнан соң бірқатар сала қызметкерлері ауданымыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене қатысып, зор үлес қосқаны үшін аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Мерекелік шарада жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдап, аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды.

БӨЛІСУ