Сессия отырысына қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібіне «2024-2026 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы», Қызылорда қалалық мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу туралы», «2023 жылға арналған Қызылорда қаласының, кент және ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есептерді бекіту туралы» және «Қызылорда қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» мәселелері шығарылды.
Аталған мәселелерге байланысты қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі С.Мырзабек, қалалық мәслихат аппаратының заңгері М.Мұхтаров хабарлама жасады.
Сессия барысында бекітілген бюджет жобаларына сәйкес, «Қожа Ахмет Яссауи көшесі бойын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына, Эдельвейс, Орбита саяжайларындағы тұрғындарды толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету үшін саяжайларға су ұңғымалары құрылысының жоба сметалық құжаттамасын әзірлеуге, Ж.Махамбетов ауылы, Наурыз елді-мекені және Абай, Досан ауылдарындағы газ тарату құбырларының құрылысына қызмет көрсету жұмыстарына және басқа да жобаларға қаржылар бағытталды.
2023 жылы қала бюджетінің атқарылуы мәселесін қарау барысында 2023 жылдың қорытындысымен қала бюджетінің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 29,4 пайызға ұлғайғандығы айтылды. 2023 жылдың қорытындысымен қалаға қарасты кент және ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы бюджет шығыстары 99,0 пайызға орындалған.
Отырыс барысында депутаттар қала аумағында 4 жаяу жүргінші көпірлеріне бейне бақылау камераларын орнату, Бәйтерек мөлтек ауданындағы тұрғындардың саны артуына байланысты инфрақұрылымын (газ, су, жол, жарықтандыру) дамытуға, газдандыру, халық игілігіне берілген спорт-ойын алаңдарын ірі кәсіпорындар мен мекемелердің теңгеріміне беру, қала бойынша аяқ су, түнгі жарықтандыру және иесіз жүрген иттер мәселелерін көтерді.
Сесссияға қатысқан қала әкімі Серік Салауатұлы қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, депутаттар көтерген мәселелерге назар аударатындығын жеткізді.
Сессия қарауына шығарылған барлық мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессияға қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, қалалық дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.