Ұлттық салт-дәстүрімізбен үндесіп жатқан асыл дініміздің құндылықтарын дәріптейтін мешіт мұсылман қауымы үшін қай кезде де киелі орын саналады.

Бүгін Оңғар ахун Тұрымбетұлының 180 жылдығына орай Райым ауылдық округіне қарасты Қызылжар елдімекенінде жаңа мешіт ғимараты ашылды. «Оңғар ахун» атындағы имандылық үйінің ашылуына ауыл тұрғындары мен ардагерлер жиналды.

Көпшілік бас қосқан шарада алдымен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев тұрғындарды ізгілікке, мейірбандылыққа шақыратын мешіт қызметінің маңызы зор екендігіне тоқталып, ғибадат үйінің ашылуымен құттықтады.
-«Имандылыққа бет бұрып, ізгілікке ұмтылған пенденің сенімін күшейтіп, жан дүниесін нұрландырып, ақиқатқа бастайтын бірден-бір орын ол – мешіт. Дінімізді, діліміз бен тілімізді сақтап, ғасырлар қойнауына жеткен асыл көмбелерімізді, әдет-ғұрыптарымызды өскелең ұрпаққа жеткізіп, ұлт ұлағатын насихаттап отырған Арал өңірінде бүгін міне, тағы да бір киелі, қасиетті мешіт бой көтерді. Күмбезі күн сәулесімен таласқан мешіт құтты да, қайырлы болсын! Еліміз руханиятын дамытып жатқан бүгінгі сәтте бұл мешіт елді береке-бірлікке шақыратын имандылық үйі болсын деп тілеймін»- деді, аудан басшысы өз құттықтауында.
Одан соң ауыл тұрғындарына естелік ретінде сый-сияпат табыс етті.

Аталған шарада сөз алған Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Қызылорда облысы «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев асыл дініміздің құндылықтарын дәріптейтін мешіт үйінің жамағатпен көрікті болатынын айтып, жастар үшін ата-ананы сыйлап, құрмет тұтуға үндейтін ілім алуына мүмкіндік жасалғанына қуанышты екендігін жеткізді. Сонымен бірге, діни орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, Қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.
Мазмұнды шараға тұрғындар қуанышына ортақтаса келген Қазалы ауданы әкімінің кеңесшісі Бақытжан Жарылқап пен Қазалы ауданының Құрметті азаматы Берік Бисембаев қатысып, ақжарма тілектерін білдірді. Сондай-ақ, «Оңғар ахун» әулетінің атынан Үммігүлсім Сатыбалдиева сөз сөйлеп, игі іске бастамашы болған азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Мұнан кейін жаңа мешіт ғимаратының лентасы қиылып, өмірден өткен марқұмдар рухына арналып, құран бағышталды.
Осылайша ауыл орталығынан бой көтеріп, заманауи үлгіде салынған «Оңғар ахун» атындағы жаңа мешіт күндердің сұлтаны болған қасиетті жұма күні жамағатқа есігін айқара ашты. Мешіттің құрылысына ауыл тұрғындары мен баба ұрпақтары біркісідей атсалысып, демеушілік жасаған.

Сонымен қатар, Оңғар ахун Тұрымбетұлының 180 жылдығына орай ауыл ішінде ас беріліп, қазақтың ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.

БӨЛІСУ