Қызылордада Достық үйінде 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Тарих және тағылым» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы құрылым мүшелері, этномәдени бірлестік мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, БАҚ өкілдері, Ассамблея жастары қатысты.
Қатысушылар архив құжаттарының көрмесі арқылы тағдыры тәлкек болған қазақ зиялыларымен, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезеніндегі тарихи деректермен танысты.
Дөңгелек үстел модераторы тарих ғылымдарының кандидаты Уалихан Ибраев Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен қуғын-сүргін құрбандарын мәңгілік есте қалдыру мақсатында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл – көп этносты халқымыздың ұлттық сана-сезімінің бірігейлігін арттыратын және өткенін тағы бір мәрте саралап, қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етіп, тәуелсіздігімізді бағалауға септігін тигізетін маңызды күн болып табылатындығын баяндады.
Қорқыт Ата университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов “ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы Аралдағы концлагерь” тақырыбында баяндама жасап, архивтерде, жабық қорларда ауқымды зерттеулерге, репрессия құрбандары атылған жерлерді анықтау мақсатында жүргізілген экспедициялар, ондағы табылған маңызды мәліметтермен бөлісті.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ бөлім басшысы Айгүл Алпысбаева, сондай-ақ, «Қызылорда облыстық шешен қоғамдық – мәдени орталығы» «Вайнах» қоғамдық бірлестігінің орынбасары Лайла Пашаева, «Қызылорда облыстық түрік қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гульчин Гейдарова тақырып аясында ата-бабаларының бастан кешірген қиын кезеңдерін айтып, пікірлерін ортаға салды.
Іс-шарада «Соғыс жылдарындағы Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға күштеп қоныс аударылуы: тарихы, зерттелуі және өзекті мәселелері» тақырыбындағы Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жинақ кітабы таныстырылып, қорытындыланды.

БӨЛІСУ