Ағымдағы жылдың 30 мамырында Қызылорда облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысына облыстық басқармалар, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерінің салаға жетекшілік ететін орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақтандыру қорының өнімдері және ӘМАТ бағаларын мемлекеттік бақылау мәселелері қаралды.
Өткен жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ Қызылорда қаласының және үш ауданның кәсіпкерлеріне 1 млрд 608 млн қарыз берген. Ал биыл қаңтарда«Байқоңыр» корпорациясы мен «РЗА-сүт» ЖШС арасында миллиардтаған теңгеге қарыз шарты жасалды. Қарыз шарты негізінде жергілікті тауар өндіруші «РЗА-СҮТ» ЖШС 171 тонна пастерленген сүт (2,5%), 171 тонна айран (2,5%), 17 тонна сары май, 17 тонна сүзбені 2024 жылдың аяғына дейін қаламыздағы 35 әлеуметтік дүкен мен 10 ірі сауда үйіндегі әлеуметтік бұрыштарға жеткізеді. Тұрғындарға 2,5% сүт – 360 теңгеден, 2,5% айран – 420 теңгеден және 5-9% сүзбе – 1760 теңгеден, ал 82,5% сары май 3550 теңгеден сатылады.
Корпорацияда 37 әлеуметтік дүкен бар. Оның екеуі жеке кәсіпкерлерге сиыр етін белгіленген бағада сату үшін берілген. Қалған 35 дүкен кәсіпкерлік нысандарына өтеусіз пайдалануға беріліп отыр. Қызылорда қаласынан наубайхана иелеріне тұрақтандыру қорынан бірінші сортты бидай ұны 128 теңгеден беріліп, наубайханадан 1 бөлке нанның берілу бағасы 85 теңгеден сатылуы жөнінде келісім жасалып, хаттама жасалды. Тұрақтандыру қорының өнімдері тұрғындарға тиімді бағада ұсынылады.