Бүгін Қазалыда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азамат, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Жалпақбай Нұрмағамбетовті еске алуға арналған тоғызқұмалақтан ашық турнир басталды.

Әйтеке би кентіндегі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өткен турнирді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп ашып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының атқарушы директоры Біржан Елеусінов пен туыстары атынан Дөңес Жанаділов және баласы Марат Нұрмағамбетов сөз алып, Жалпақбай Нұрмағанбетұлы жайында естеліктермен бөлісті.

Ұлттық спорт – тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасындағы жекелей аудандық ашық турнирге Қызылорда қаласы және басқа да аудандардан 7 команда, аудан мектептерінен 9 команда, жалпы 160-қа жуық спортшы қатысуда. Аудандық ашық турнир ауданымызда екі күнге созылмақ.

БӨЛІСУ