Бүгін З. Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде Арал қаласы көше комитетінің төрағалары кеңесінің құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өткізілді.

Мерекелік бас қосуда алдымен аудан әкімінің орынбасары Кете-Төле би Бержанов пен Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаевқа сөз берілді.

«Жалпы, қоғамдық тәртіп пен қала тазалығын қадағалау белгілі бір аумақтың тұрақтылығын сақтау бағытында көше комитеттерінің атқарар рөлі зор. Бүгінде Арал қаласы бойынша құрылған көше комитеттері қоғамдағы маңызды мәселелердің оңтайлы шешілуіне бір кісідей атсалысып келеді. Арал қаласы көше комитетінің төрағалары кеңесінің құрылғанына 25 жылдық мерекелеріңіз құтты болсын!» – деп ізгі лебіздерін арнады.

Мұнан соң, шарада аудан орталығының көркейту бағытында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталып, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты» төс белгісі табысталды.

Сондай-ақ, Арал қаласы көше комитеті төрағалары кеңесінің төрағасы Аманжол Жолмағамбетов пен «К. Дәрібаев», «Толқын» көшелерінің комитет төрағасы Өмірзақ Мектепбаевқа қазақы дәстүрмен шапан жабылды.

Іс-шара барысында «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі және қаламыздың бірнеше дәстүрлі әншілері халық әуеніне жазылған әндерімен өз өнерлерін паш етіп, мерекелік жиынның сәнін келтірді.

Жиын соңында қонақтарға ақ дастархан жайылып, барша қатысушылар емен-жарқын пікір алысып, мерекеге орай өзара жылы лебіздерін білдірді.

БӨЛІСУ