Экономикалық тергеп-тексеру департаменті елдің экономикалық дамуына кедергі келтіретін қылмыстарды анықтап, тергеп және олардың шешілуіне жұмыс жасайды. Облыстағы жүйелі мәселелерді департамент ұжымы ұдайы бақылауда ұстап отырып, бірнеше бағытқа бөліп талдау жасайды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесін Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Арман Жанадилов пен Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Нұрбол Әлкебайұлы баяндап берді.
– Өздеріңіз білесіздер, еліміздің 10 өңірінде су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Қазіргі уақытта ҚР Қаржы мониторинг агенттігімен бірлесіп еліміздің 3 өңірінде селден қорғау бөгеттерін ұстауға және өзен арналарын кеңейтуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы басталған еді. Осыған сәйкес, біздің департамент облыста су тасқынына қарсы іс шараларға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына талдау жүргізді. Сондай-ақ, талдаудың қашықтан және мемлекеттік органдар мен шаруашылық субьектілерінің қызметіне араласпай жүргізілетінін түсіндіргім келеді ,- деді Арман Барысханұлы.
Сонымен қатар, департаменттің белсенді араласуының арқасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік дүкендеріндегі баға тұрақсыздығы да анықталған. Брифинг барысында Арман Жанадилов осы мәселе бойынша атқарылған жұмыстар талдап берді.
– Облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссия ай сайын жергілікті жерде өндірілетін азық-түлік тауарларына (күріш, тұз) бағаны негізсіз көтеру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуші делдалдардың бағасын қадағалайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді сату барсындағы үстемесін асыру бойынша екі жылда 31 факті анықталған. Бағаны негізсіз көтергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, көтерме сатушылармен және өндірушілермен тікелей келісім шарттар жасалғаннан кейін әлеуметтік маңызы бар картоп, сәбіз, қырыққабат секілді 11 тауардың бағасы төмендетілді,- деді Нұрбол Әлкебайұлы.