Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясында Облыс әкімінің орынбасары Жаханов Бахыт Дүйсенұлының төрағалығымен штаб отырысы өтті.
Штаб отырысына Қызылорда қаласы және барлық аудан әкімдерінің ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасарлары қатысты.
Семинар барысында 2024 жылғы химиялық өңдеу маусымына жұмылдырылатын сақадай сай техникалар көрсетіліп, таныстырылды.
Штаб отырысында Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Оразбаев Мұхтар Әуесұлы, Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы, Республикалық Фитосанитариялық диагностика және Болжамдар әдістемелік орталығының Қызылорда облыстық филиалының басшысы Айтбаев Абай Мәлікұлының алдағы химиялық өңдеу жұмыстарына дайындық барысы мен бүгінгі күнгі ерекше қауіпті шегіртке, саяқ шегіртке және карантиндік нысандардың ахуалы туралы баяндамалары тыңдалды.
Биылғы жылы ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы жазғы – күзгі мониторинг қортындысымен 49,765 мың га жерге (оның ішінде италиялық прусқа қарсы 8,1 мың га; азиялық шегіртке 41,665 мың га) химиялық өңдеу жүргізу жоспарлануда.
Химиялық өңдеу жұмыстарын «Авиакомпания «Дельта-Юг» ЖШС-і, «Самғау-Агро» ЖШС-і, «Защита Растений-К» ЖШС-і жүргізетін болады.
Шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық күрес жұмыстарына 4 арнайы жер агрегаттары, 3 аса жеңіл ұшақ, 2 дана ұшақтар қатыстырылады.
Карантиндік объекті калифорниялық қалқанша сымырына қарсы – 34,5 га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілсе, жатаған у кекіреге қарсы – 142,5 га, арамсояуға қарсы – 417,007 га, қауын шыбынына қарсы – 1750 га жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Облыс аумағында карантиндік объектілерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге «Фитосанитария» ШЖҚ РМК Қызылорда облыстық филиалының 2 дана каффини, 2 дана трактор, 15 дана арқалайтын бүріккіш, 1 дана су тасығыш техника, 1 дана УАЗ, 1 дана Шевролет Нива, 1 дана Газель техникалары жұмылдырылды.
Облыс әкімінің орынбасары штаб отырысында ерекше қауіпті шегіртке зиянкестері мен карантиндік объектілерге қарсы мониторинг пен фитосанитариялық күрес іс-шараларын және мердігер мекемелердің химиялық өңдеу жұмыстарын уақытылы, сапалы жүргізілуін орындау жөнінде тиісті мекемелерге тапсырмалар беріп, қорытындылады.