Облыс әкімі аппаратының басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен «Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия» отырысы өтті.
Комиссия отырысында мемлекеттік рәміздердің насихатталуы және қолданылу жай-күйіне облыстық инспекциялық топпен жүргізілген тексеру қорытындысы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Жалағаш және Сырдария аудандарындағы мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталу барысы қаралды.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған инспекциялық топ аймақтағы 198 мемлекеттік мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында анықталған кемшіліктер дер кезінде қалпына келтірілді.
Айта кету керек, жыл басынан бері Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы ірі көлемді 21 шара өткізіліп, 5 мыңға жуық тұрғын қатысты.
Комиссия қорытындысымен Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне, облыстық басқарма, департамент, инспекция басшыларына мемлекеттік рәміздердің Ұлттық стандарттарға және нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес пайдаланылуы мен орналастырылуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
Сонымен қатар, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнін атап өту аясында ақпараттық-имидждік жұмыстардағы бірегейлікті сақтау үшін тиісті тапсырмалар жүктелді.