Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Сауда, қызмет көрсету және туризм кеңесі мен Бухгалтерлер клубының бірлескен отырысы өтті.
Отырысқа Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, Сауда, қызмет көрсету және туризм кеңесінің төрайымы Ақмарал Абдразақова, салалық кеңес мүшелері, Бухгалтерлер клубының мүшелері және облыстық Қоғамдық даму басқармасы мен Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі басты тақырып Электронды сауда айналымы барысында бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібі болды. Осы орайда, кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізуде талап етілетін құжаттарға қатысты сұрақтарын қойып, Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерінен салық заңнамасы аясында жауап алды.
Салалық кеңес аясында қоғамдық орындардағы бақылау-касса машиналарының тілін мемлекеттік тілге ауыстыру мәселесі қозғалды. Бақылау-касса машиналары арқылы жүргізілетін операциялардың тіліне қатысты сауда орындарында, банктерде, әуежайларда және тағы басқа қоғамдық орындарда тұтынушылар тарапынан мәселелер туындауда.
Бұл ретте, аймақтағы бақылау-касса машиналарын орнату операторы, «Торговые технологии» ЖШС директоры Сергей Левин барша касса машинкаларында қазақ тілі бар екендігін және оны таңдаған жағдайда, адымен тауарлар тізілімін қолмен теру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер кей тауарлардың ресми қазақ тіліндегі баламасы жоқ екендігін айтып, Қоғамдық даму басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Ляззат Есімге қазақ тіліндегі сөздік шығаруды ұсынды. Басқарма өкілі өз ретінде ұсынысты міндетті түрде жоғары жақа жолдайтынын жеткізді.