Ұлт болашағы үшін бала тәрбиесі, оның қауіпсіздігі бірінші орында болуы тиіс. Алайда күйбең тірлікпен бүгінгі күні осы мәселеде кемшін түсіп жатқан жайымыз бар. Себебі балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс санының артуы, олардың түрлі оқиғаларға ұшырауы күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды.
Осы орайда ата-аналардың өз балаларына деген назарын арттыру, тығыз қарым-қатынас үшін жағдай жасау, отбасылық байланыстарды нығайту және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен қауіпсіздігін басты назарға алған «AMANAT» партиясы cалалық Кәсіподақтармен бірлесіп, еліміз бойынша «Балаңа уақыт арна!» деп аталатын акция ұйымдастырғалы отыр. Осы арқылы жетекші партия барлық қоғам назарын бала тәрбиесіне аударып, ата-аналарға Үндеу жарияламақ.
Бүгін «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринованың төрағалығымен партия жанындағы Әйелдер қанатының отырысы өтіп, осы мәселе кеңінен талқыланды. Жиынға ZOOM платформасы арқылы барлық өңірлер қосылып, қатысушылар тарапынан бала өмірінде әке мен ананың рөлін нығайту, олардың бойында адамгершілік құндылықтарын, ізгілікті, жақын адамға дейін сүйіспеншілікті қалыптастыру, балалардың құқықтарын қорғау, олардың дамуына қолайлы орта жасау, баланың жан-жақты дамуына бағытталған жазғы демалысты ұйымдастыру және жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, олардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнетін қауіптің алдын алу төңірегінде пікірлер ортаға салынды.
Жалпы, аймақта 1-10 сынып аралығында 173 859 оқушы бар. Бүгінгі күні оның 170 383-ін немесе 98% жазғы тынығумен және еңбекпен қамту жоспарланған. Облыс көлемінде жазғы демалысты ұйымдастыруға 2518 педагог, 38 белсенді студент пен 23 ерікті тартылмақ. Биыл мектеп жанынан жұмыс жасайтын 238 жазғы тынығу лагерінде тамақпен 25 823 оқушы, 290 лагерьде 131 879 бала тамақсыз демалатын болады. Одан бөлек, қала сыртындағы 8 лагерьде 7 ауысымда 7035 бала демалса, аймақтан тыс жерде орналасқан лагерьлерде 6 ауысымда 5646 оқушы демалыспен қамтылады. Оның ішінде 1430 бала «Қазақстан халқына» қоры арқылы «Қуаныш» демалыс орнына барады.
Жазғы уақытта балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өңірде түрлі экскурсиялар мен арнайы турлар ұйымдастырылмақ. Мұнан бөлек «Ауыл лайф», «Сыр камп», «Дәстүрлі қоржын», «Жас қазақ», «Киелі Қазақстан», «Кітап құрттары» жобалары өтеді. Сондай-ақ, оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зияткерлік дағдыларды дамыту мақсатында биылдан бастап аймақ басшысының қолдауымен «Сыр лигасы» жобасы жүзеге асуда.