«Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалуы республикалық кеңес отырысында қаралды.
«АМАNАТ» партиясы жанындағы Өңірлерді дамыту жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтіп, онда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өңірлерде жүзеге асырылатын іс-шараларды уақтылы және сапалы жүзеге асыру бойынша жұмысты жандандыру мәселелері талқыланды. Жиынға бейнебайланыс режимінде партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, партияның облыстық филиалы жанындағы кеңес төрағасының орынбасары және жауапты басқарма басшылары қатысты.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.
Жоба аясында білім, денсаулық, мәдениет, спорт, инженерлік және көлік инфрақұрылым объектілерін салу және қайта жаңарту жобаларын республикалық бюджеттен қаржыландыру қарастырылған. Атап айтсақ, 2024 жылға республикалық бюджеттен 800-ге жуық ауылдық елді мекенді қамтитын 1,3 мың жобаны жүзеге асыруға шамамен 178 млрд теңге қаржы бөлінген.
Өңірде «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобасына бекітілген методикаға сәйкес 58 тірек және 45 спутник елді мекендер айқындалып, бүгінде оларда тиісті жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы «Ауыл – Ел Бесігі» шеңберінде 218 жобаны жүзеге асыруға барлығы 12,4 млрд. теңге қаржы бөлініп, толығымен 100 % игерілді. Жыл қорытындысымен жоспарланған 208 жоба пайдалануға берілді. Ал ағымдағы жылға 11,0 млрд. теңге бөлініп, 38 ауылдық елді мекенінде 69 жоба жүзеге асырылуда. Яғни 1 дәрігерлік амбулаторияның, 8 спорт кешеннің, 4 ауылдық клубтың құрылысы салынып, 2 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі және 19 ауылдық елді мекенде ауылішілік көшелердің құрылысы және күрделі жөндеу жұмыстары бойынша 35 жоба жүргізіліп, 14 елді мекеннің электр желілерін қайта жаңғырту және 2 елді мекеннің ауыз сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылатын болады.