“Қызылорда облысының әйелдер күштерінің Альянсы” қоғамдық бірлестігі және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы арасында жасалған өзара әріптестік меморандумның аясында “ТЕК ҚЫЗДАР!” атты жобасы қолға алынды.
Жоба аясында Достық үйінде алғашқы рет “Қыздардың репродуктивті денсаулығын сақтау мәселелері” тақырыбында пікір алмасу алаңы өтті.
Іс-шараға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 70-тен аса студент қыздары қатысты.
“Қызылорда облысының әйелдер күштерінің Альянсы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахима Ахметова жобаның мақсатына тоқталды. Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева “Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт” жобасы аясында бірлескен іс-шараларды, әсіресе болашақ ана атанатын қыз балаларға арналған тиімді жобалар туралы сөз қозғады.
Іс-шарада репродуктивтік денсаулықты сақтау, жеке бас тазалығы, жыныстық даму мәселелері жөнінде мамандардың жас қыз балаларға кеңестері берілді. Қатысушылар Эндокринолог, Маммолог, Психолог, Гинеколог, жастар денсаулығы орталығының мамандарынан кеңес алды. Сондай-ақ, өмірге, өздеріне деген оң көзқарастарын қалыптастыру, олардың ортамен жайлы қарым-қатынастар орнату, сондай-ақ, психологиялық, физиологиялық денсаулықтарына байланысты мәліметтер айтылды.
Жастар денсаулығы орталығының дәрігері Сәуле Каусова біздің орталықта 10-29 жасқа дейінгілер әрдайым хабарласып, жедел көмек ала алады. Қыздарға психологиялық, медициналық ақпарат беріп келеміз. Вейп, нашақорлық, ерте жүктілік, құмар ойын секілді мәселелердің алдын алу мақсатында жұмыс жасаймыз деді.
№3 қалалық емхананың Эндокринологы Шолпан Ермағамбетова қыз баланың екінші жыныстық даму кезеңі 8-16 жас аралығында эмоциялық мобильділік, қоршаған ортаға ашушаңдық, күйзелісті іште сақтау мәселелеріне көп тап болады. Егер осындай белгілер болған жағдайда, міндетті түрде эндокринолог мамандарына келуге кеңес беремін деді.
Ал №3 қалалық емхананың мамологы Бақыт Ысқақов жастардың тамақтану мәселесіне аса мән беруге шақырды. Әлеуметтік желідегі кейбір кеңестерге еріп, тамақты шектеу дұрыс емес. Ол дамып, жетіліп келе жатқан ағзаға кері әсер етуі мүмкін. Адам деген тұнып тұрған биохимия. Енді өсіп келе жатқан ағзаға жақсы тамақтану қажет. Сүт безінің даму жолы осы мәселелерге қатты байланысты. Сондықтан нақты дәрігерлердің кеңесін алып барып, дұрыс тамақтану режимін қалыптастыру қажет. Жас қыз балалардың қазіргі кезде сүт бездерінде ісіктің пайда болуы эстрогеннің жетіспеушілігінен болады. Бүгінгі күні мамографиялық скрининг әдісі 50 пайыз ғана нәтиже береді. Сондықтан міндетті түрде мамолог дәрігерге көрініп, узиге түсіп, нақты диагнозды білу аса маңызды деді.
Онколог Айгүл Әділова онкологиялық аурулар әйелдер арасында кең тарап жатыр. Қазіргі таңда онкологиялық сырқаттар жасарып барады. Д витаминінің жетіспеушілігі өте көп кездеседі. Д витаминің 5 мың единица мөлшеріне дейін ішу керек. Қан аздылық, шаш түсу, ұйқы қанбау, тырнақ сыну секілді осының белгілері. Дені сау ұрпақты өмірге әкелу үшін қыз бала жас кезінен денсаулығына аса мән беру тиіс деді.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Құралай Иманалиева жастарды қандай психологиялық мәселелер алаңдатады және олармен қалай күресуге болатындығын айтып өтті. Ашық алаңға келген қыздарды қатыстыра отырып, олардың өмірінде болған келеңсіз жағдайлар мен психологиялық жағынан кері әсер еткен оқиғаларға тоқталды.
Гинеколог Әйгерім Ыдырысова негізі қыздарда 9-13 жаста алғаш рет етеккірі келеді. Демек, бұл уақыт олардың бойжеткендігінің белгісі. Етеккір келгенде не істеуі керек? Тазалықты сақтаудың алғы шарттарын қызына ең алдымен анасы, жеңгесі айтып түсіндіргені абзал. Ал 13-14 жаста жасөспірім қыздың гинеколог дәрігерге келіп, профилактикалық тексеруден өтуі міндетті. Бұл қабылдауды дәрігер қыздың қасында тек анасы болғанда ғана жүргізе алады. Бұл не үшін керек? Қыз баласының гинекологиялық ауытқуларын ерте жастан анықтап, дәрігерлік кеңес беру үшін қажет. Сондай-ақ, қыздың гинекологиялық тұрғыда қандай да бір шағымдары болса, анализ талдамаларын алып, зерттеуге жіберіледі деді.
Пікір алмасу алаңында дәрігерлер қосымша ақпарат берумен қатар, оқушыларды толғандырған сұрақтарға толық жауап берді. Сонымен бірге жас қыздардың аналары пікір білдірді.
Іс-шараны қорытындылай келе, “Қызылорда облысының әйелдер күштерінің Альянсы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахима Ахметова қатысушыларды қоғамдағы келеңсіздікті жоюда бірлесіп, пікірлесіп, ортақ мәселені ортаға салып шешуден шет қалмауға шақырды.

БӨЛІСУ