Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алудағы профилактикалық шаралардың тиімділігі жөнінде мәжіліс өтті. Оған Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов арнайы қатысты. Мәжіліс барысында пробация және полиция есебінде тұрған тұлғалар мен бұрын сотты болғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің деңгейі, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және алкоголь өнімін тиісті рұқсатсыз өткізген тұлғаларды жауаптылыққа тарту мәселелері де қаралды.

Аудан басшысы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін нақты шараларды бірлесе атқаруға тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға қатысты жазаны күшейтті. Бұған дейін отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа барғандар тек әкімшілік жазамен құтылып келсе, енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу, қалыпты отбасылық жағдайға жеткізу – өзекті мәселе. Сондықтан оларға қолдау көрсетуде бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Жалпы, қылмыстық құқық бұзушылыққа жол бермеу қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Ханзадаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаев, аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Н.Дүйсенбаев хабарлама жасап, құқық бұзушылыққа итермелейтін себептер мен жағдайлардың алдын алу, пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, азаматтардың құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды атап көрсетті.

Өз кезегінде Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары И.Төлегенов алкоголь өнімдерінің заңсыз, белгіленген уақыттан тыс сатылуына тосқауыл қою мәселесін қозғап, бұл ретте алкогольден бас тартқан аудандағы Айдарлы ауылының тәжірибесін өзге елді мекендерге үлгі ету керектігін айтты.

БӨЛІСУ