Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Тәртіптің тетігі – тәрбие» тақырыбында білім беру саласындағы өзекті мәселелер бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, құқық қорғау органдары мен білім қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары мен әйелдер кеңесінің төрайымдары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Мәжілісте аудан басшысы балаларға саналы тәрбие беру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау мәселелері бүгінгі таңда өзекті екенін атап өтті.

– Қай қоғамда болмасын ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» деген болатын. Осыған байланысты күні кеше ғана «Өнер» орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау мәселелері жан-жақты талқыланды. Мәжілісте аймақ басшысы сапалы білім және саналы тәрбие беруге қатысты нақты тапсырмалар берді.
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бар. Біз соңғы уақытта бала тәрбиесіне негізгі жауапты – ата-ана екенін ұмытып кеттік. Дегенмен, баланы ортаға бейімдеу, тәлім-тәрбие беруде мектептің рөлі үлкен. Сондықтан «Мектеп – Бала – Ата-ана» үштігі үйлесімді жұмыс жасауы керек, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кеңейтілген мәжілісте аудан прокуроры Асқар Кемалов, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әділхан Қанзадаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Бегайдарова балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтар, олардың алдын алу бағытындағы профилактикалық шаралар туралы хабарлама жасады.

Жалпы, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық іс шаралар нәтижесінде 46 құқық бұзушылық анықталған. 46 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылса, оның ішінде, түнгі уақытта заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 40 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Аудан басшысы білім сапасын арттыру, әрбір бала үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқаруға шақырды. Сондай-ақ, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл әкімі, учаскелік полиция инспекторлары, мектеп директорлары жергілікті жерде тұруы міндетті екенін атап көрсетті. Осы тұста, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушыға учаскелік полиция инспекторларының толық құрамда болуын және елді мекендерде тұруын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұдан бөлек, өскелең ұрпақ пен жастарға зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, «Аналар кеңесі», «Әкелер мектебі» мен ата-аналар комитетінің жұмысын жандандырып, бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысу керектігін тілге тиек етті.

Мәжіліс барысында елді мекендердегі «Адал адам» орталықтары жұмысын ұтымды пайдаланып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, бос уақыттарын тиімді пайдалану, мектеп бітіру уақыттарында және суға шомылу маусымында қауіпсіздікке аса мән беру талқыланды.

Өз кезегінде мәжіліске қатысушылар ұсініс-пікірлерін жеткізді. Кеңейтілген жиын қорытындысында нақты тапсырмалар жүктелді.

БӨЛІСУ