Достық үйінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің екінші отырысы өтті.
Отырыстың модераторы – Ақсақалдар кеңесі төрағасы Нұрмұрат Ерманов болды. Іс-шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, белсенді жастар және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Кеңес отырысында суицид және оның көріністерін алдын алу мәселесі қаралды. Бірінші сөз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетовке берілді.
«Кәмелетке толмағандар арасында өзіне қол жұмсау фактілері бойынша 2024 жылы 5 аяқталған суицид орын алды. Суицидке қадам жасауға үш негізгі фактор әсер етеді. Бірінші психологиялық, екінші әлеуметтік, үшінші биологиялық. Әр орын алған оқиға арнайы жұмысшы топпен зерделеніп, талдау нәтижесінде 4 жағдай психологиялық, 1 жағдай әлеуметтік мәселеден туындағаны белгілі болды»,- деп, басқарма тарапынан бұл кеселмен күресу бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, психологиялық қолдау тобына алынған 346 балаға мектеп психологымен қатар денсаулық сақтау саласының мамандары сүйемелдеу жүргізетіндігін айтып өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша келесі баяндаманы жергілікті полиция қызметкері Еркебұлан Жанұзақов жасады.
«Криминагендік статистикалық мәліметтерге сәйкес облыс аймағында жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері тиылмай келеді. Жыл сайын суицидтің алдын-алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жастар мен жасөспірімдер арасында суицидтің неге орын алғанын зерделеу олардың жақын туыстары мен ата-аналары үшін өте ауыр тиеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өңірде 2024 жылы орын алған 5 жағдайға қылмыстық кодекстің 5-ші бабымен сотқа дейін тергеп-тексеру жүргізілді. Талдау нәтижесі бойынша өзіне қол жұмсап, қайтыс болғандардың төртеуі орта мектептің оқушылары, біреуі колледж студенті»,- деді.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Мира Мырзаханова «Жалпы облыс көлемінде 2023 жылы 8 аяқталған жағдай, 2024 жылдың 5 жағдай орын алды. Бізде мобильді топ осы бағытта ішкі істер департаментімен бірге жұмыс жасайды. Өкінішке орай, суицид бойынша Қызылорда облысы 6 орында тұр. Біз жас ерекшелігіне қарамастан, суицидке барған азаматтармен тығыз жұмыс жасаймыз. Олардың көбі отбасылық, денсаулық жағдайларына байланысты өз-өздеріне қол жұмсауға әрекет жасайды. Бұл тұрғыда басқарма тарапынан арнайы мамандар психологиялық жағынан қолдау көрсетеді. Айта кететіні, облыстық Жастар денсаулық орталығында Жедел желі телефоны 24/7 қосулы. Мәселен,орталықта бірінші тоқсан бойынша 15298 қызмет көрсетілген. Емдеу-сауықтыру, кеңес беру бөліміне 5442 адам жүгінген»,- деді.
Іс-шара аясында Ақсақалдар кеңесінің мүшелері баяндамашыларға сұрақ қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңес төрағасы Нұрмұрат Ерманов отырысты қорытындылай келе, баяндамашылардың берген ақпараттары бойынша тиісті орындарға ресми түрде ұсынымдар жолданып, осы мәселе бойынша алдағы уақытта қосымша ақпараттарға жауап беру сұралатындығын айтты.
2024-05-28