Қызылорда облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып Бисенова Маржан Қылышбайқызы тағайындалды.
Маржан Қылышбайқызы – 1981 жылы 21 мамырда Қызылорда облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, Қазақ мемлекеттік заң университетінде “Құқықтану” мамандығын, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті магистратурасын тәмамдаған. 2010 жылы “Қылмыстық құқық және қылмыстық атқару” мамандығы бойынша заң ғылымдарының кандидаттығын қорғаған.
Жұмыс өтілін 2002-2012 жылдары Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі болып бастап, 2012-2014 жылдары Сот актілерін тағайындау комитетінде жалғастырған. 2015 жылдан 2018 жылға дейін “Ақмешіт” гуманитарлық-техникалық институты “Гуманитарлық-педагогикалық және құқықтық пәндер” кафедрасының меңгерушісі,
2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып келеді.
Сонымен қатар, Қызылорда қалалық мәслихатының VIII шақырылымының депутаты, “Күміс алқа” иегері.
Құқықтық сауаттылық, педагогика саласында, балалармен тығыз жұмыс жасау, тәрбие беру бағытында және қоғамдық қызмет саласында тәжірибесі мол маман бала құқықтары жөніндегі уәкіл баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қарайтын болады.
Сондай-ақ, балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын ілгерілетуге қатысады.
Уәкіл қоғамдық негізде жұмыс жасайды. Кез-келген ата-ана немесе азаматтар балаларының құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда өңірлік уәкілдің көмегіне жүгіне алады.