Жалағаш ауданы бойынша білім саласының өзекті мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс отырысы өтті.
Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, ата-аналар, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары қатысты.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен және білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою мақсатындағы жиынға аудандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері де арнайы шақыртылды.
Білім беру ұйымдарындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы туралы Жалағаш аудандық прокуратурасы, аудандық полиция бөлімі және Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімі баяндама жасап, алдын алу шаралары мен атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Бала елдің болашағы, ертеңі екенін жеткізген аудан әкімі Ардақ Ибраимов сала бойынша басшыларға және ата-аналарға біріге жұмыс жасау қажеттігін айтты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында айтылған тапсырмаларды негізге ала отырып, бала қауіпсіздігі үшін атқарылған шаралардың нәтижесі мен оң өзгерісі болу керектігін айтты.
«Білім берудің барлық деңгейінде балалардың лайықты, сапалы білім алуымен тәрбиеленуіне қолайлы жағдай жасау, олардың мүдделерін қорғау – аса маңызды басымдыққа ие.
Сондықтан баршаңызды ауданның білім саласын арттыру, әрбір бала үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқаруға шақырамын»,-деді Ардақ Ибраимов.