Бүгін аудан әкімі Нұржан Ахатов Ыбырай Жақаев, Байсын, Бидайкөл ауылдарында болып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Аудан басшысы ең алдымен, Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен аймағымызда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ, аудан әкімі тұрғындарға жақында аймақ басшысының төрағалығымен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмауға қатысты кеңейтілген мәжіліс өткенін айтып, бүгінгі таңда жастарға саналы тәрбие беруде, олардың жаман әдеттерден аулақ болып, әлімжеттік жағдайларға жол бермеуіне қоғам болып атсалысу қажеттігін жеткізді.
Кездесулерде тұрғындар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, Ыбырай Жақаев ауылының тұрғындары күріш бастыру уақытында аяқсу деңгейінің төмендеуі, жаз айларында ауыз су қысымының төмен болуы мәселелерін көтерді. Ауыз су қысымына қатысты аудан басшысы биыл ауызсу жүйесінің екінші жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталғанын, жыл аяғына дейін тәулік бойы үзіліссіз су беруге мүмкіндік туатынын айтты.
Байсында өткен жиында ауыл тұрғындары ең алдымен елді-мекенге жаңа дәрігерлік амбулатория керектігіне тоқталды. Бұл мәселе бойынша заманауи үлгідегі дәрігерлік амбулатория салу үшін тұрғындар саны жеткіліксіз екендігі, дәл қазіргі тұрғын санымен шағын фельдшерлік-акушерлік пункт салу мүмкіндігі бар екендігі айтылды. Сондықтан сабырлық танытып, тұрғындар саны сай келген сәтте дәрігерлік амбулатория салу жолдары қарастырылмақ.
Келесі кезекте аудан басшысы Бидайкөл халқымен кездесу өткізді. Мұнда тұрғындар қоқыс полигонына қоқыс тастау барысында туындаған қиындықтарды шешуді, сондай-ақ, жаңадан бой көтерген көшелерде тұрғындар күшімен қолдан орнатылған жарық бағаналарын ауыстыруды сұрады. Аудан басшысы қос мәселеде өз шешімін табатындығын айтып, көптің көкейінде жүрген сауалдарға тұшымды жауап берді.