Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі-Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты Гермоплазма криоконсервациялау зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Тимур Турдиевпен кездесті.
Кездесу барысында ғалымдармен бірге университеттің Ботаникалық бағын көгалдандыру жұмыстары талқыланды. Аймақ экологиясына төсімді өсімдіктерді өсіру мақсатында екі жақты меморандумға қол қойды.
Алматы қаласындағы Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы ҒЗИ гермоплазманы криосақтау зертханасында in vitro әдісімен көбейтілген тораңғыл және теректің тез өсетін будандары Ботаникалық баққа отырғызылып, облыстың климаттық жағдайында сынақтан өткізіп, зерттелуде.
Мұнда теректің “Казахстанский” және “Бессчетнов терегі”, ал тораңғылдың екі түрі сынақтан өткізілуде. Бұл жаңа технологиялар жасанды көбейтілуі қиын ағаштарды тез әрі сапалы көбейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біздің ғалымдар келешекте шөлді аймақтарға бейімделген қарағаштың жаңа түрлерін осы әдіспен дайындап, жерсіндіріп, көгалдандыруға пайдаланатын болады. Айта кету керек, бүгінде Ботаникалық бақта катальпа гүлдеді.