Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен білім саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры, полиция бөлімінің бастығы және бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдері, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Келелі жиында кәмелет жасына толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Мәжитқызы, аудандық прокуратураның прокуроры Нұржігіт Нұржанұлы, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қуандық Бейбітұлы баяндама жасады.
Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және бір қатар ата-аналар сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесіне қатысты алаңдаушылығын білдірді.
Жиын соңында аудан әкімі тұрақты рейдтерді күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде құқықбұзушылық, буллинг, лудоманияның зияны, тағы да басқа тақырыптарды ақпараттандыру, кәмелет жасына толмағандар арасындағы профилактикалық жұмыстар бойынша нақты тапсырмалар берді.