Бүгін Қазалыда мәдениет және өнер қызметкерлері күні меркесіне орай «Мәдениет мәңгілік, өнер – өміршең» атты салтанатты шара өтті.

Мерекелік шарада аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз алып, мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.

– «Өнер – ұлттың жаны» – дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Қазалы ауданының мәдениетінің тарихы да салмақты, өткені мен келешегі кемел. Бүгінгі таңда ауданда мәдениет саласында 350-ге жуық қызметкер еңбек етіп, рухани дүние тәрбиешісіне айналып отыр. Қасиетті топырақта талай айтулы өнер тұлғалары өсіп-өнді. Қорқыт бабамыздың күңіренте тартқан күй-сазы, Роза апамыз бен Мәдинаның әуелете айтқан әні, Кеңес Дүйсекеевтің шығармалары бүгінгі ұрпақтың мәңгі жүрегінде. Осы бір айтулы мереке күні мәдениет пен өнер саласының барша өкілдеріне, әсіресе, мәдениетіміз бен өнерімізді өрістету жолында аянбай еңбек еткен аға ұрпаққа шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

Мерекелік концертте мәдениет саласының ардагері Кенже-Әлі Асқарұлы мен Кәукей ауылдық клубының әдіскері Айзада Шамшыраққызына Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар сала қызметкерлері облыс әкімінің, аудан әкімінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Алғыс хатымен» және «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» бірлестігінің төсбелгісімен марапатталды.

Салтанатты шара облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жетістіктерге жетіп жүрген өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

БӨЛІСУ