Бүгін Қазалыда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес оқу жылының аяқталуы және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты кеңейтілген мәжіліс өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен жиынға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет төрағалық етіп, жалпы аудандағы білім саласындағы өзекті мәселелер мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.
– Қай қоғамда болмасын, қашанда ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Бүгінгі таңда елімізде Мемлекет басшысынан бастап ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, білім беруші мен білім алушыға мүмкіндігінше жағдай жасау, сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру бағытында, жалпы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін түрлі шараларды қабылдауда. Күні кеше ғана аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен облысымыздағы білім саласының өзекті мәселелері мен дәл осы ұрпақ тәрбиесіне қатысты маңызды жиын өтті. Бүгінгі ұрпаққа сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру – қоғамның басты міндеті. Ал ендігі біздің міндет қоғам болып баланың бойына сапалы біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңірту, балалардың түрлі құқықбұзушылықтармен зиянды әрекеттерге бармауына жол бермеу бағытында бірлесе, жауапкершілікпен жұмыс жасау, – деді аудан әкімі.
Кеңейтілген мәжілісте аудандық прокуратураның прокуроры Алмат Алдабергенов аудандағы білім беру ұйымдарындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөнінде, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғани Құрманалиев балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан шаралар туралы, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов аудандағы оқу жылының аяқталуы және оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, кәмелет жасына толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жөнінде, ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев ауданда «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады.
Мәжіліс соңында аудан әкімі оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап ата-аналармен тығыз байланыста болу жөнінде тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, кеңейтілген мәжіліске аудан прокуроры, аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен бітіруші сыныптардың сынып жетекшілері қатысты.