Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек Мәдениет және өнер қызметкерлері мен сала ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.

— Қармақшы ауданы – жүз шайыр шыққан, ақындық пен жыраулық өнердің туын тіккен, бүгінде жүз жырауы жыр көшін жалғаған дарынды тұлғалардың мекені. Сонау сыр сүлейі Тұрмағамбет, кешегі өткен күміс көмей Көшеней, жампоз жырау Қуандық, бүгінде жауhарлы жырдың тұлғасы Алмас Алматов бастаған саңлақтар көтерген өнердің тұғыры әрқашан биікте. Ауданнан шыққан талантты жас өнерпаздарымыз да халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда топ жарып, аудан абыройын асқақтатып келеді. Күні кеше ғана облыс әкімі өнер иелеріне Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы», «Тұран» сыйлығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің марапаттарын табыстап, өнер ұжымдарына домбыра тарту етті. Бұл осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің ерен еңбегі деп білемін, – деді аудан әкімі.

Одан соң аудан басшысы мәдениет және өнер саласында жемісті еңбек етіп жүрген сала қызметкерлеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хатын, «Еңбек даңқы» төсбелгісін, облыс әкімі және аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

Сондай-ақ, шара барысында Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Махамбетова Үрзахия Болтайқызын 70 жас мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат жасады.

БӨЛІСУ