Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өткізіліп, бірқатар мәселелер талқыланды.
Күн тәртібінде шикізаттық емес экспортты ілгерілету, оқу жылының аяқталуы, жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру туралы, мұнымен қоса ерекше қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шараларға дайындық барысы пысықталып, тиісті тапсырмалар жүктелді.
«Өздеріңіз білесіздер, Арал ауданының негізгі эскпорты – балық пен тұз өнімдері. Теңізге түсетін су көлемінің азаюына байланысты уақыт өткен сайын теңіз суы ащыланып, балық қоры кемігені рас. Соған сәйкес өңірімізде «Тоғанда балық өсіру» жобасы қолға алынды. Экспорт нарығын кеңейту мақсатында аумақтарында тұщы су көзі бар кез-келген ауылдық жерлер осы кәсіп түрін игеруі қажет. Жергілікті өндірісті қолдауға және экспортты ұлғайтуға байланысты жан-жақты шараларды қабылдауды тапсырамын.
Оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Осы ретте, «ата-ана – мектеп – полиция» арасындағы бірлескен кешенді жұмыстар ұдайы түрде жүргізілуі тиіс. Өзге аймақтарда оқитын студенттер оқу жылы аяқталған соң, тұрғылықты елді-мекендеріне қайта оралады. Осы кезеңде, жастардың бос уақытын тиімді әрі сапалы ұйымдастыру керек. Кешкі уақытта оқыс оқиғалар мен жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу бағытында учаскелік полициялар мен бірге қоғамдық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді тапсырамын. Түлектердің қатысуымен өтетін түрлі салтанатты іс-шаралар, банкеттер, ойын-сауық кештерін ұйымдастыруға және автокөліктермен кортежге шығуға тыйым салынғандығы ескертілді. Бұл бағытта да түсіндірме жұмыстарын жалғастырыңыздар. Сондай-ақ, биылғы жоғарғы оқу орнын бітіруші студенттерге мамандықтарына сәйкес аудандағы бос жұмыс орындары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет»-деді, Аманжол Сақыпұлы.
Жиында аудан әкімі жазғы демалыс мезгілінде жастарға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын дайындап, ондағы шаралардың ұйымдастырлуын жүктеді. Мұнымен қоса, күн тәртібінен тыс қаралған аудан аумағында қолайлы фитосанитарлық ахуалды қамтамасыз ету мәселесі бойынша атқарылатын жұмыстарды уақытылы әрі сапалы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстау қажет екенін ескертті.