Аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев ауылдық елді мекендерде жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыстың сапасын бақылады.

Алдымен Жанқожа батыр ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысына барды. Қазіргі таңда жаңа білім ордасының бірінші қабатының терезелерін орнатып, екінші қабатының кірпішін өру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мұнан соң Бекарыстан би ауылына барып, елді мекенде жуық арада басталған спорт кешенінің құрылысын көрді. Құрылыс жұмыстарымен мердігер мекеме «Жылу ХХІ» ЖШС-і айналысуда. Дәл қазіргі уақытта спорт кешені құрылысының жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетасын қою жұмыстары жасалуда.

Жалғас Оңғарұлы сонымен қатар Кәукей ауылына да барып, ондағы 100 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарын да бақылады. Бүгінгі таңда клуб құрылысы толықтай аяқталуға жақын. Мердігер мекеме «SCSИнжиниринг» ЖШС-і қызметкерлері ішкі әрлеу және жабдықтарын орнату, клуб ауласын аббаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

Аудан аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысын көрген аудан әкімінің орынбасары аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен мердігер мекемелердің жауапты қызметкерлеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.

БӨЛІСУ