Аудан әкімі Ардақ Ибраимов 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік концертке қатысып, аудан жұртшылығын айтулы күнмен құттықтады.
«Еліміздің мәдениетін жақсартып, дамыту мақсатында кезең-кезеңмен біршама шаралар атқарылып жатқанын жақсы білесіздер.
Былтырғы 2023 жыл бүкіл түркі халқы үшін «Темірбек Жүргенов жылы» деп жарияланды. Қазақ мәдениетіне, әдебиеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан тұлғаның 125 жылдық мерейтойы Жалағаш ауданында да кең көлемде атап өтілді.
Ауданымыздағы мәдени нысандар – Қонысбек Қазантаев атындағы мәдениет Үйі, «Руханият» орталығы және аудандық кітапхана ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көрермендер мен оқырмандарға жағдайлар жасалуда.
Сонымен қатар, биыл ауданымыз үшін ең ауқымды жобалардың бірі, аймақ басшысының қолдауымен жалпы құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын «Руханият орталығы» ғимаратының құрылысы жүргізілуде.
Музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталығының ауданымыздың мәдениеті мен руханиятын дамытуға өз септігін тигізетініне сенімім мол»,-деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Сонымен қатар, ауданымыздың мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін бүгінгі төл мерекелерімен құттықтап, сала ардагерлері мен өнер жанашырларын марапаттады.
Сондай-ақ, түрлі өнерді бір арнаға тоғыстырған, тарихы терең кешегі күннің құнды көмбесіндей болған көрме тұрғындар назарына ұсынылды.
Мерекелік кешке жиналған көрерменге Сыр өңірінің өнерін әлемге танытып жүрген өнер ордасы – Қызылорда облыстық филармониясы шығармашылық концертін берді.
Ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген барша мәдениет саласының майталмандары мен өнерлі азаматтарына арналған кеш қалың көрерменнің көңіл төрінен орын тапты.