Дүйсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатов Ақмая, Тұран, Еңбекші, Жиделіарық, Қарғалы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, жиындар барысында аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев тұрғынданға тұрмыстық зорлық-зомбылық және алаяқтық қылмыстарының алдын-алу жөнінде профилактикалық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Халықпен кездесу барысында аудан басшысы алдымен жыл басынан бері Мемлекет басшысының және аймақ басшысының қолдауымен облыс көлемінде, Шиелі ауданында түрлі салада атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Аудан басшысы өз сөзінде осыдан екі жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд. теңгені құраса, 2023 жылы облыс бюджеті 650 млрд. теңгеге жеткенін, ал өткен жылдың басында Шиелі ауданының бюджеті 10,7 млрд. теңге шамасында бекітіліп, жыл соңында 16,9 млрд. теңгені құрағанын, ал биылғы бюджетіміз 15,8 млрд. теңгені құрап отырғандығын айтып, бұл көрсеткіштердің артында үлкен жұмыла жасалған жұмыстар, тындырымды тірліктер тұрғанын жеткізді.

Ақмая ауылдық округінде өткен жиында аудан әкімінің баяндамасын мұқият тыңдаған ақмаялықтар ауылда «бір қолдың саласындай» бірлікпен жасалған істерге дән риза екендіктерін айтып, алғыс білдірді.

Келесі кезекте аудан әкімі Тұран ауылдық округіне барып, ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарының қатысуымен жиын өткізді. Күн тәртібіне ең маңызды мәселе ретінде бала тәрбиесі тақырыбы қойылды.

Ең алдымен, аудан басшысы басқосуға қатысушы ауыл тұрғындарына бала тәрбиесіне назар аудару қажет екендігін, әрі өзге аудандарда мектеп жасындағы балалардың қатысуымен болған келеңсіз оқиғалардан кейін өткізілген жиындар мен кеңестердің нәтиже бермей тұрғандығын, әрбір ауыл тұрғынының жанашырлық танытып, тентегін уақытында тезге салғанында мұндай қайғылы оқиға орын алмайтындығын айтты. Сондай-ақ, «жағдайдың орын алуына жол берген білім мекемесінің басшысы мен ауыл әкімінің салғырттығына қатысты тиісті шешімдер қабылдану қажет», деді. Басқосуда ауылдың ардагерлері өз ойларын айтып, болған оқиғаға ата-аналардың да кінәсі бар екендігін, тәрбие беруді «тал басектен жер бесікке» дейін тоқтатпау керектігіне тоқталды.

Мұнан соң, халықпен кездесулер Еңбекші ауылында жалғасты. Қарт-қаратаудың етегінде орналасқан ауылдың өзекті мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Былтыр ғана көгілдір отынға қосылған ауылдың биыл көптен бері көтеріп келген жол мәселесі де шешімін таппақ. Бұл үшін аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, жолды пайдаланушы бірнеше ірі компаниялар бірігіп, күрделі жол жөндеу жұмыстарын бастайтын болады. Тағы бір ерекше атап өтетін жай, кездесу соңында ауылдық дәрігерлік амбулаторияға «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС демеушілігімен су жаңа «Hyundai I30» маркалы жедел-жәрдем көлігі сыйға тартылды. Ауыл тұрғындары осы мәселенің оң шешімін табуына жәрдемдескен барша азаматтарға алғыс білдірді.

Келесі кезекте, аудан әкімі Жиделіарық елді-мекеніне барды. Мұнда аудан басшысы атқарылған жұмыстарға тоқталып, кейінен тұрғындарын өздерін толғандырған жаңадан бой көтерген көшелердегі әубаста тұрғындардың өз күштерімен салған жарық бағаналарын ауыстыру, асфальт жабындысын төсеу секілді мәселелерін көтерді. Аталған мәселелерді тыңдаған аудан басшысы тиісті жұмыстар жасалатындығын жеткізді.

Дүйсенбі күнгі халықпен кездесулер Қарғалы ауылдық округінде қорытындыланды. Мұнда жиылған ауыл халқына аудан орталығындағы жол жөндеу сынды жаңалықтар таныстырылып, ауылдағы ауыз су, аяқсу мәселелерін шешуге бағытталған жобалардың нәтижесі баяндалды.

БӨЛІСУ