Жаз мезгілі жақындағанда суға шомылу маусымы басталып, су жағалауына баратын адамдар саны жиілейді. Осы ретте су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күнделікті рейд жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте құтқарушылар тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырғанымен қайғылы оқиғалардың орын алуы өзекті мәселеге айналып отыр. Сала мамандарының айтуынша, жыл басталғалы бері су айдындарында қайғылы оқиғалар тіркелмеген. Дегенмен, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету басты назарда болмақ. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Жандос Жүгінісов хабарлады.
-Суға шомылу маусымында азаматтар қауіпсіздік шараларын ескергені абзал. Әсіресе, белгіленбеген аумақта суға түсу аса қауіпті. Жыл басталғалы бері облыс аумағындағы су айдындарында қайғылы оқиғалар тіркелген жоқ. Суға шомылу маусымында адамдардың қаза болуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы. Атап айтқанда, спирттік ішімдік ішіп суға түсу, су жағалауында балаларды бақылаусыз қалдыру, зерттелмеген жерде балық аулау және тағы басқа жағдайлар. Осыған байланысты облыс тұрғындарынан барынша сақтық шараларын сақтауды ескертеміз, – деді Жандос Шайымұлы.
Суға шомылу маусымында құтқарушылардың дайындығы аса маңызды. Бұл ретте Қызылорда облысы ТЖД «Жедел құтқару жасағында» 53 сүңгуір және 25 жүзу құралы толықтай әзір. Қазіргі таңда құтқарушылар тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
-Өздеріңіз білетіндей, жаз мезгілі жақындап келеді. Ауа райының күрт жылынуына байланысты азаматтарымыз су айдындарына асығып, су жағалауларында демалады. Бірақ, суға түсуге болмайтын жерлерге барып, спирттік ішімдіктер ішіп, қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жандардың кесірінен қайғылы оқиғалар орын алады. Қазір көбісі Сырдария өзенінде су аз деп суға шомылады. Дегенмен, Сырдария өзенінің ағысы тым қатты, терең жерлер өте көп. Осыған байланысты барынша абай болуға шақырамыз. Сонымен қатар, санаулы күндерден кейін барлық білім беру ұйымдарында соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы өтеді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бізде арнайы жасақ құрылып, белгіленген аумақта рейд жұмыстарын жүргізетін болады, – деді Облыстық ТЖД «Жедел құтқару жасағының» басшысы Бақыт Сағымбекұлы.