Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың аймақтарды абаттандыру және көгалдандыруға байланысты «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізу жөніндегі тапсырмасына және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың «Таза Қазақстан — таза аймақ» науқанында санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу жөніндегі Үндеуіне сәйкес жүргізілген тазалық іс-шарасына белсенді атсалысқан табиғат жанашырлары марапатталды.

Марапаттау іс-шарасында аудан басшысы туған өлкенің тазалығын сақтауға үлес қосу әрбір тұрғынның міндеті екенін атап өтті.

— Ел Президентінің тапсырмасымен бастау алған экологиялық акцияның әр аптасы арнайы тақырыптарға арналып, науқанға сырдариялықтар белсене атсалысты.Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, өзі тұратын үйді, аймақты, өлкені таза ұстау және ағаш отырғызу, оны күтіп баптау — әрбір азаматтың елжандылық парызы деп білемін.
Сондықтан туған жеріміздің таза, берекелі болуына баршамыз жауаптымыз. Осы ретте, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң аудан басшысы табиғат жанашырларын «Алғыс хатпен» марапаттады.

Айта кетейік, тазалық акциясы аясында апта сайын сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, бүгінгі күнге дейін 13 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 60 мың тонна күл-қоқыс арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Тереңөзек кенті және ауылдық округтерде аяқ су жүретін арықтар қазылып, жалғызбасты қариялардың аулалары тазаланып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағына, орталық көшелерде, аллеялар мен саябақтарда көркейту-көгалдандыру абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

БӨЛІСУ