Аудан көлемінде табиғи өрттер туындаған кездегі іс-қимылдарға басқару органдарының, азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдарының дайындық деңгейін арттыру мақсатында Арал қаласының Батыс жағындағы «Орам» учаскесінде «Өрт-2024» республикалық командалық – штабтық оқу – жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, дала өрті орын алуы ықтималдылығы жоғары аумақта шыққан өрттің күшеюіне жол бермеу, өрт сөндіру қызметі келгенше алғашқы әдіс-тәсілдерді үйрету, шекара маңын қураған шөптерден тазартып, өртке қарсы жолақтар жүргізу сынды жұмыстар жүргізілді. Аудан бойынша құлақтандыру дабылы іске қосылып, жалпыға бірдей жаттығулар өтті.
Аталған оқу-жаттығу шеңберінде аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт кезінде адам шығынын болдырмау мен аудан аумағында туындайтын табиғи өрттерді сөндіру жөніндегі аумақты азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарды басқару органдарының өзара іс-қимылы, өрттер туралы ақпарат алмасу тәртібі, өзара іс-қимыл жасайтын мекемелер мен қызметтер арасында және табиғи өрттерді жоюға қатысатын өртке қарсы құралымдардың дайындығы тағы да бір пысықталды.