«AMANAT» партиясының облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдау тобының ауылдық жерлерге сапары жалғасуда. Бүгін мобильді топ өкілдері Қазалы ауданына қарасты Құмжиек және Басықара ауылдық округтерінде болып, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдады.

Ең алдымен Құмжиек ауылдық округінің орталығы Қ.Пірімов ауылында өткен қабылдауда тұрғындар ауылдың инфрақұрылымына қатысты өтінштер айтты. Соның ішінде жергілікті тұрғындар үшін әлеуметтік нысандарды газдандыру, көшелерді асфальттау және жарықтандыру, электр желісі мен бағандарын ауыстыру мәселелері өзекті болып отыр.

Сондай-ақ, бірқатар тұрғындар жеке мәселелеріне сәйкес денсаулық сақтау, жұмыспен қамту тақырыптарында өтініштерін айтты. Заңгерлік көмек сұраған азаматтар да болды.

Басықара ауылында жалғасқан қабылдауда жергілікті тұрғындардан ауылды дамыту бойынша ұсыныстар түсті. Ауыл азаматтары ең алдымен амбулаторияны қайта ашу мәселесі оң шешімін тапса деген өтініштерін білдірді. Жеке мәселелерінде жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау саласы төңірегінде мәселелер көтерді.

Аталған өтініштерге партиялықтар тарапынан бақылауға алынып, тиісті жауаптар беріліп, заңдылық аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Қабылдауға облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсұт Нәлібаев, облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Нұрлан Абдукаримов, аудандық партия филиалының төрағасы Ғазиз Әліш, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев сондай-ақ тиісті басқармалардың өкілдері мен заңгерлер қатысты.

Атап өтейік, қос ауылда өткен мобильді қабылдау барысында азаматтардан 32 өтініш түсіп, олардың 14 оң шешілді. 12 өтініш бойынша заңнамалық кеңестер берілді. 6 мәселенің шешілуі бақылауға алынды. Мұндай мобильді қабылдаулар жыл соңына дейін 10 елді мекенде жүргізілетін болады.

БӨЛІСУ