Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Қызылорда қаласындағы нысандарды аралап, жеке инвесторлар қолға алған жұмыстармен танысты.

Алдымен Ардақ Темірханұлы шыңдалған шыны шығаратын «Комфорт 1KZ» ЖШС жұмысымен танысты. Зауыттың ерекшеліктері – одан энергияны үнемдейтін және шағылыстыратын әртүрлі сипаттамаларға ие екі қабатты терезелер жасалады, айналар да шығарылады. Серіктестіктің негізін қалаушы Қайрат Үсенов 2014 жылы бастапқы капиталды жинақтап, теңдесі жоқ жеке өндірісін ашуды ұйғарды. Таңдау шыңдалған шыны өндірісіне түсті. Жоба «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Әрі қарай облыс әкімінің орынбасары жаңа жылу-электр орталығының құрылыс алаңына барды. Инвестор қолдауымен бой көтерген орталықтың қуаттылығы – 240 МВт. «Акса Энерджи» түрік компаниясы мазут, табиғи газ, жел генераторлары мен су электр станцияларында электр энергиясын өндіру саласындағы әлемдік тәжірибесі мол, жетекші компаниялардың бірі.

Айту керек, жалпы құны 215 млрд.теңгеден асатын жаңа нысан энергия жетіспеушілігін едәуір төмендетеді. Бұл Тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды теңдессіз жоба.

Cонымен қатар А.Зебешев «Жерасты паркингі бар автосалон мен авто шеберхана салу» жобаның құрылыс жұмыстарын көрді. Жобаның жалпы құны – 700 млн. теңге. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 70 пайызға аяқталды, жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда.
Ардақ Темірханұлы құрылыстың барлығына қойылатын басты талап сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

БӨЛІСУ