Татар этномәдени бірлестігінің ұлттық мерекесі Сабантой биыл 19 мамыр күні Достық үйінің алаңында аталып өтті. Атаулы мереке шаһарымызда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіретін дәстүрлі мейрамға айналды. 20 жыл қатарынан тойланып келе жатқан мерекеде татар этносының көп жылдық дәстүрлері таныстырылып, ұлт достығы әспеттелді.
Негізінде, Сабантой – отбасылық, барша этностардың басын қосып, қуаныш сыйлайтын, ең бастысы халық арасында достық пен өзара түсіністікті қалыптастыратын мереке.
Салтанатты іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов ашып, барша жиналған қауымды құттықтап өтті. «Бүгін ынтымағы жарасқан Сыр өңірінде «Сабантой» мерекесін тойлаудамыз. Халқымыздың бейбітшілік пен достыққа, салт-дәстүрін ұлықтауға шақыратын бұл мейрамның, барлық этностардың мерекелері сияқты, біз үшін алатын орны ерекше. Сондықтан баршаларыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Еңселі ел, іргелі мемлекет атануда,бірлік пен келісім және өзара қолдау қағидаттарын дамыту жолында өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының қосқан үлесі айрықша.
Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея ел бірлігін нығайтумен қатар, еліміздегі ауқымды қайырымдылық шараларына белсенді қатысып келеді.
Сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы құрылымдары, этномәдени бірлестіктер «Жүректен жүрекке» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 3,5 тонна құрайтын гуманитарлық көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді.
», – деді.
Өз кезегінде, Татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Галия Гизатуллина облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмахановқа “Құмыра сындыру” рәсімін тапсырды.
Сондай-ақ, татар шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар мен тәттілерден әзірленген көрме-жәрмеңкесі тамашаланды. Мерекенің көркін кіргізетін ұлттық ойындар – татар күресі, арқан тарту, гір көтеру, қол күрес және тағы да басқа көптеген спорттық ойындар ойналды. Сабантойға келген қала тұрғындары көркемөнерпаздар концертін тамашалап, қызықты мерекелік ойындарға қатысты. Татар әндері орындалып, жан жадыратар билер биленіп жатты. Айта кету керек, ойындарда жеңімпаз атанғандарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар берілді.