Арал ауданы – облыстағы экономикасы артып, әлеуметі жағынан көш басында тұрған өңірдің бірі. Биыл аудандағы білім және денсаулық саласындағы өзекті мәселелер өз шешімін табуда. Мәселен, ондағы оқушылар осыған дейін Ұлттық бірыңғай тестілеуді Қазалы ауданы мен облыс орталығына келіп тапсырса, биылдан бастап жас түлектер емтиханды аудан орталығында тапсыратын болады. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев аудандағы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

– Арал ауданында кейінгі үш жылдың ішінде жекеменшік балабақшалар желісі 12 бірлікке өскен. Жыл басынан бері 240 орындық 2 жеке балабақша пайдалануға берілсе, жылдың соңына дейін 50 орындық 1 балабақшаны балалардың игілігіне табыстауды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 3 ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептерді жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Арал ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Ең алдымен, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілген Сапақ, Жалаңаш елді мекендеріндегі 2 мектептің мәселесін шешу жұмыстары жүруде. Ал, жақын күндері Ақшатау мектебінің құрылысы жеке кәсіпкер есебінен шешімін тауып, іргетасы қаланады.
Айта кетейін, аудан бойынша 2023-2024 оқу жылын 942 түлек бітірсе, оның 35-і Алтын белгіге, 63-і Үздік аттестатқа үміткер.
Одан бөлек, бүгін Қызылорда Ашық университетінің Арал қаласындағы қашықтықтан білім беру орталығын ашу туралы меморандумға қол қойдық. Мұндағы басты мақсат – қолжетімді білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, қашықтықтан оқыту жүйелері мен кәсіби стандарттар арқылы білім беруге ықпал ету.
Ауданның денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер орын алуда. Өткен жылы Қызылжар, Бөген ауылдарында жаңадан дәрігерлік амбулаториялар, Жалғызағым, Тастүбек, Көктем елді мекендерінде медициналық бекеттер пайдалануға берілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана пайдалануға беріліп, Тоқабай елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салынатын болады. Сонымен қатар, аудандық аурухана негізінде 54 төсектік «Кардиология» және «Инсульттық» бөлімшелері жұмыс жасауда. Бұған қоса, осы жылы аурухананы МРТ және антиограф қондырғыларымен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Тағы бір жақсы жаңалық, «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасының бос тұрған Б блогын 2 және 17 жас аралығындағы мүгедектігі бар жасөспірімдерге арналған «Қамқорлық» ерте оңалту орталығын ашу үшін реконструкция жасауға 360,0 млн теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар басталуда. Орталық ашылған уақытта «Қазақстан халқына» қорынан 1,2 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтармен қамтылатын болады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

БӨЛІСУ